Іздестіру формасы

Астанада жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу мәселелері талқыланды

Дата размещения: 25.10.2018 - 0:00
Дата последнего обновления: 25.10.2018 - 17:12
                      Астанада жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу  мәселелері талқыланды

Бүгін, 2018 жылғы 25 қазанда Астана қаласында «Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында, әйелдер мен жастар үкіметтік емес ұйымдарының мемлекеттік органдармен қоғамда радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру жұмысындағы өзара әрекеттесу мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Аталған конференцияда зайырлы мемлекеттегі дін мәселелері, жастарға діни экстремизмнің әсер етуін болдырмау, рухани-адамгершілік тәрбие беру, жас қазақстандықтардың азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, сондай-ақ деструктивті, радикалды діни ағымдарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі жөніндегі мәселелері талқыланды.

Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетінің жетекшісі Қайсар Жанаханов өз құттықтау сөзінде: «Біз жаңа қоғам құру жолындамыз, сондықтан, жастарымызға тәрбие беру мәселесіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту, халқымыздың салт-дәстүрлерін жалғастыру мен бекемдеу жауапкершілігі - жастарға жүктелген» деп атап өтті.

Спикерлер қатарында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Төрағасының орынбасары Ляззат Сүлеймен, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдрасілқызы, дінтанушылар мен ғалымдар, жастар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері болды.

Жалпы конференция жұмысына 120-дан астам адам қатысты, олар – мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, әйелдер ұйымдарының, жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ республиканың жер-жерінен келген жастар қозғалысы мен қоғамдық пікір көшбасшылары.

Сондай-ақ, өз кезегінде бұл мәселемен бірнеше жыл бойы айналысып жүрген Павлодар облысының Конфессияаралық байланыстарды дамыту мен сараптама Орталығының директор Гүлназ Раздықова да, бүгінгі таңда ең алдыменен көпконфессиялы қоғамның барлық деңгейлерінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ғалымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін экстремизммен күреске жұмылдыру қажет екендігін атап айтқан. Экстремизм идеологиясын болдыртпау бағытындағы жұмыс мемлекеттік деңгейде және қоғамның осы мәселелерге қатысты әсерін сезіну дәрежесінде жүргізілу қажеттігін айтты.

Әйелдер және жастар ұйымдарының өкілдері түрлі мақсатты топтармен алдын алу жұмысын жүргізудің іс жүзіндегі тәжірибесімен бөлісті.

Жалпы конференция жұмысының нәтижесінде дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына жастар мен әйелдер ұйымдарының өкілдері біріктірілді.

Комитет общественного согласия Министерства общественного развития Республики Казахстан